Алматы әуежайынан ұшатын рейстердің саны артуда
03.03.2008
«Казправда»
материалы бойынша
Халықаралық Алматы әуежайы әлемдік
жетекші авиатасымалдаушылар арасында күннен күнге танымал болып
келеді. Алматы қаласы арқылы орындалатын рейстердің ұшу географиясы
да күн санап кеңею үстінде.
2008 жыл жаңа жолаушылар мен жүк
рейстерінің ашылуымен байланысты жақсы жаңалықтарға толы болып отыр.
Атап айтқанда, Чехтың ұлттық "Czech
Airlines" авиажолдары бірінші мамырдан
бастап Алматы-Прага-Алматы бағыты бойынша араға қонбай ұшатын
тұрақты жолаушылар рейсін орындауды бастайтын болады. Аталған
рейс А319 аэробусымен аптасына екі рет - сейсенбі және жұма
күндері әрі ұшуға қолайлы уақытта, сағат 11.00-де
ұшып шығатын болады.
Осы жаңалықтарға байланысты
Қазақстандағы Чех елшілігінің уақытша сенімді өкілі Светослава
Данешова Алматы әуежайының басшылығына өз алғысын білдіре келе,
былай деді:
- Мен Прага мен Алматы арасында
тікелей рейстің ашылғанына қуаныштымын. Бұл рейстің көпшілікке
танымал болатындығына сенімдімін, өйткені Чехия - өте тартымды ел,
сіздер бізге қонаққа келгендеріңізге өкінбейтін боласыздар.
Наурыз айында алғаш рет
Стамбул-Алматы бағыты бойынша ары-бері ұшатын (ұшақтар аптасына екі
рет ұшады) түріктің
"Kuzu" жүк рейсі
орындалатын болады және
"TESIS" авиажолы
осы көктем айында Мәскеу-Алматы-Мәскеу бағыты бойынша ұшатын тұрақты
коммерциялық жүк рейстерін ашуды жоспарлап отыр.
Сәуір айында латвиялық
"Air Baltic"
қазақстандықтарды Алматыдан Ригаға араға қонбай, тіке ұшып баруға
шақырып отыр. Сондай-ақ, сәуір айында Сингапур-Бангкок-Алматы бағыты
бойынша ары-бері ұшатын алғашқы жолаушылар рейсін орындау жөнінде
«Singapore Airlines» авиакомпаниясымен жүргізілген келіссөздер
аяқталды. 26-сәуірде украиндық «Aerosvit» Алматыдан Киевке қарай
араға қонбай ұшатын алғашқы рейсін бастайды. Үстіміздегі
жылдың 3-мамырынан бастап жолаушылар «Аэрофлот» ұшақтарымен
Алматыдан Сочиға, жолда ауысып отырмай, тіке ұшатын болады.
Алматы әуежайымен бірлесіп жұмыс
істеуге ниет білдірген авиакомпаниялардың тізімін жалғастыра беруге
болады, өйткені Алматыдан ұшып жүрген шетел авиатасымалдаушыларының
(мәселен, люксембургтық "Cargolux")
лайнерлері қазақстандық рынокқа кеңінен қатысып отыр. Мәселен,
«Cargolux» осы көктемде өзінің жүк рейстерінің санын арттырды.
Халықаралық Алматы әуежайының
бірінші вице-президенті Александр Гордеев жаңа бағыттардың, оның
ішінде Чехияға орындалатын рейстердің ашылуы жөнінде журналистермен
болған кездесу барысында Қазақстанда іскерлік іссапармен жүрген және
оқу, демалу, емделу үшін Еуропаға ұшқысы келетін жолаушылардың
қатары көп болғандықтан, бұл қазақстандықтар үшін көктемнің алғашқы
жанға жағымды сыйлығы болатындығына сенім білдірді.
- 2007 жылы біз 2 миллион 650 мың
жолаушыға қызмет көрсеттік. Бұл сан күннен-күнге арту үстінде: жыл
сайын жолаушылар тасымалдауларының өсуі 15-16 пайызды, жүк
тасымалдаулары – 48 пайызды құрап отыр. Бұл ел экономикасының
көтерілуіне, Қазақстанның әр түрлі елдермен арадағы
сауда-коммерциялық байланысының нығаюына және сатып алушылар
сұранымының өсуіне мүмкіндік береді, - деді Александр Гордеев өз
сөзінде.
Жаңа авиарейстердің ашылуы қызмет
көрсетуге қатысты әуежайға нақты міндеттемелерді жүктейді. Бұл
бірінші кезекте ұшу қауіпсізідігін, әуе кемелері мен жолаушыларға
сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.
- Осы жылы қазіргі заманғы ең жаңа
аэронавигациялық жабдықтармен жабдықталған және ИКАО-ның
(халықаралық азаматтық авиация ұйымы) 3-санатты халықаралық
стандарты бойынша сертификатталған жаңа ұшып-қону жолағын іске
қосамыз. Оның ұзындығы төрт жарым километр, ал ені 60 метр болмақ.
Мұндай жолақ әлем елдерінде көп емес, - деп, бірінші вице-президент
өз сөзін одан әрі жалғастырды.
Бұл әуежайдан ұшып шығатын және
қонатын ұшақ экипаждарына кез келген тұманды күндері
200 метрден артық қашықтыққа дейінгі жолақ бөлігін көруге
мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қазіргі заманғы технологиялармен
жабдықталған жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы
басталды. Ол сағатына 1800 жолаушыға немесе жылына 2,5 миллион
адамға қызмет көрсетуге есептелген.
Терминалдың құрылысы аяқталғаннан
кейін,
"ескі"
терминал ішкі рейстерге қызмет көрсететін болады. Сонымен, Алматы
әуежайының мүмкіндіктері біршама өсті, енді ол
авиатасымалдаушылардың кез келген талабын қанағаттандыруға дайын.
Бүгінде еуропаның көптеген жетекші авиакомпаниялары Алматы
әуежайымен өзара ынтымақтастық орнатуды көздеуде. Халықаралық
жолаушылар мен жүк тасымалдауларының саны да күн сайын артуда.
Алматы қаласы |