Алматыда өткен мәжіліс:
әуежайды дамыту мәселелері
10.02.2007
Жеке ақпарат
Бүгін
Халықаралық Алматы әуежайында ҚР Көлік және коммуникациялар министрі
С. Ахметов пен Алматы қаласы Әкімі И.Тасмағамбетовтың қатысуымен
кеңес болып өтті.
Кеңесте «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті Т.Ә.Ыдырысов
баяндама жасап, қатысушыларды әуежайдың қазіргі жағдайымен және даму
болашағына қатысты жоспарларымен таныстырды.
Кеңеске қатысушылар инженерлік-авиациялық қызмет объектілері мен
жаңа мультимодальды қойманы қарап шығып, авиациялық-техникалық
орталықпен, іскери авиацияға арналған бизнес-терминалмен және
қолданыстағы жасанды ұшып-қону жолағымен (ЖҰҚЖ) танысты. Құрылысы
2007 жылы аяқталуы тиіс жаңа ұшып-қону жолағына ерекше назар
аударылды. Құрылыстың жалпы сметалық құны – шамамен 6,5 млрд. теңге.
Екінші ЖҰҚЖ құрылысы жобасының жүзеге асырылуы әуе кемелерін
ИКАО-ның 3-ші категориясы бойынша қабылдауға және ұшыруға мүмкіндік
беретін болады (ауқымы 4500х60м.).
Әкімнің сөзіне қарағанда, жаңа жолақ бетонды төсеп бастауға дайын.
«1-ші сәуірден, яғни, ауа температурасы қолайлы болған уақыттан
бастап, бетон төсеу жұмысы басталады, тиісті құрал-жабдық сатып
алынды. Тамыз айында жарық-навигациялық жүйесі бар жолақ пайдалануға
берілетін болады!», - деді И.Тасмағамбетов. С.Ахметовтың айтуынша,
жолақ ИКАО жүйесі бойынша 3 «Б» категориясына сәйкес болады және әуе
кемелерінің барлық түрін қабылдай алады. Бұл объектінің құрылысына
4,5 млн. евро бөлінген.
Кездесу аясында көлік және коммуникациялар министрі С Ахметов пен
Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетов жаңа ЖҰҚЖ құрылысының уақтылы
және сапалы жүргізілуі, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру,
сондай-ақ, әуежайға жақын жерден өтетін Үлкен Алматы айналма
автожолының құрылысына байланысты бірігіп жасалатын шаралардың
жүзеге асырылуы туралы пікір алмасты.
Бүгінгі күні сағатына 2500 жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігі бар
халықаралық рейстерге арналған жаңа жолаушылар терминалының құрылысы
бойынша жобалау жұмыстары басталды. Мердігер - әуежайларды
жобалаудағы әлемдік деңгейдегі көшбасшы – ADPi компаниясы.
Терминал құрылысының бірінші кезегінде –10 телескопиялық траппен
жабдықталған, 2 млн. жолаушыға есептелген 32 000 ш.м., пайдалануға
беру уақыты – 2008 жыл.
Терминал құрылысының екінші кезегінде – 24 телескопиялық траппен
жабдықталған 4 млн. жолаушыға есептелген 55 000 ш.м., пайдалануға
беру уақыты – 2014 ж.
Жаңа
терминалға іргелес аумақта дамыған инфрақұрылымды Аэропорт Сити
кешені орналасатын болады. Оған Marriot жүйесіндегі отель,
конференс-холдар, бизнес орталықтар, экпо орталықтар, шоппинг
орталықтар, кинотеатрлар және басқа да объектілер кіретін болады.
|