|
|
Тарих беттерінен
Алматы әуежайы 1935 жылы қолданысқа берілді. 1990
жылға дейін ол ҚААБ (Қазақ АА Басқармасы) құрамына кірген. 1991
жылғы 26 сәуірде «Алма-Ата аэропорты» болып қайта құрылды. 1993
жылдан бері дербес құрылымдық бірлік болып саналады. 1994 жылы ол
«Алматы аэропорты» болып өзгертіліп, оның қызметін өзінің құқықтық
мұрагері - «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ жалғастырды.
2000 жылы Халықаралық Алматы әуежайының жүк тасымалдаудағы алғашқы
серіктесі болып сол кездері аптасына екі рет Boeing 747 ұшақтарымен
ұшатын EL-AL авикомпаниясы атанды. Әуежайдың геосаяси тұрғыдан
тиімді орналасуын және техникалық дайындық деңгейін бағалай келе,
EL-AL авикомпаниясы Алматы арқылы ұшатын өз рейстерін көбейтуді
ұйғарды. Бүгінгі күні EL-AL авикомпаниясы Алматы әуежайына аптасына
10-12 рейс жасайды.
2003 жылы Алматы әуежайы арқылы жолаушылар тасымалдауларын ғана
жүзеге асырып жүрген атақты KLM авиакомпаниясының жүк тасымалдау
бөлімі аптасына 6 рет жиілікпен ұшатын жаңа рейстерін ашты.
Сол 2003 жылдың соңында аптасына 4 рет ұшып, атақты FedEx
авиакомпаниясы Халықаралық Алматы әуежайының серіктесі ретінде
танылды. 2005 жылдың 01 наурызынан FedEx авиакомпаниясы бір айда
орындалатын рейстерінің санын 50-ге дейін арттырып,
Гонконг-Алматы-Париж және Шанхай-Алматы-Франкфурт бағыттары бойынша
ұша бастады.
Алматы әуежайында бір уақытта FedEx авиакомпаниясының екі ұшағы
тұрақтанады. Олар жүкті бір ұшақтан екінші ұшаққа тиеу жұмыстарын
атқарады. Мұндай операция авиакомпания үшін өте ыңғайлы болмақ, ол
жүкті бір нүктеден екінші нүктеге жедел түрде жеткізіп, әуе кемелері
ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Болашақта FedEx
авиакомпаниясы өз ұшақтарына Халықаралық Алматы әуежайындағы А-чек
бағдарламасы бойынша жедел қызмет түрін пайдалануды жоспарлап отыр.
Жазғы кезеңде А-чек қызметі тікелей ӘК тұрақтарында жүзеге асырылса,
қыста жабдықталған ангар кешенінің қызметі ұсынылады.
2004 жылдан бері Халықаралық Алматы әуежайы қызметтерін Lufthansa
Cargo және Asiana авиакомпаниялары пайдаланады. Осы жылдары Алматы
әуежайына ресейлік ірі жүк тасымалдаушылар - Волга-Днепр және
Антонов авиажолдары компаниялары да келді. Олар өз рейстерін
әлемдегі ең үлкен әуе кемелері санатына жататын әйгілі Ан-124
<Руслан > және Ан-225 <Мрия > ұшақтарымен орындайды.
2004 жылдың желтоқсан айында жаңа жолаушылар терминалы іске
қосылды. Авиажолаушылардың талап-тілектерін қанағаттандыру
мақсатында жаңа жолаушылар терминалында адам өміріне қажетті барлық
жүйелер, қазіргі заманғы бақылау жүйелері, ғимаратты басқару жүйесі,
орындалған авиарейстер туралы ақпарат беру жүйелері, ішкі және
сыртқы бейнебақылау жүйелері, жолаушыларды құлақтандыру жүйелері,
жүкті іздестіру жүйелері орнатылды.
2005 жылдың қаңтар айынан бастап американдық Polar Air Cargo
авиакомпаниясы Atlas авиакомпаниясымен біріге отырып, Алматы
әуежайын Шанхай – Алматы – Амстердам бағытындағы рейстерін орындау
мақсатында пайдалана бастады. Ұшудың жиілігі аптасына 7-ге дейін
артты.
2005 жылдың ақпан айынан бастап итальяндық Ocean Airlines
авиакомпаниясы Халықаралық Алматы әуежайына қонып, оның техникалық
қызметтерін пайдаланатын болды. Бұл авиакомпаниямен Брешия – Алматы
– Гонконг, Брешия – Алматы – Шанхай бағыттары бойынша Боинг 747-200
әуе кемесімен аптасына 4 рет ары –бері ұшатын рейстер орындалады.
2005 жылғы тамыз айының соңында Cargolux компаниясы Алматы арқылы
Гонконг – Алматы – Баку – Люксембург және Люксембург – Гонконг –
Алматы – Люксембург бағыты бойынша Боинг 747-200 әуе кемесімен
аптасына 3 рет жүзеге асырылатын ұшу кестесін іске қосты.
2005 жылғы қараша айынан China Easter Airlines компаниясының
Шеньжень – Алматы – Люксембург бағыты бойынша Боинг 747-200 әуе
кемесімен аптасына 4 рет ұшатын рейстері орындала бастады.
2006 жылдың маусым айында FedEx компаниясы мен Қазақстан
Республикасының Үкіметі арасында авиакомпаниялар қызметінің аясын
жетінші «әуе еркіндігіне» дейін кеңейтуге мүмкіндік беретін әуе
қатынастары келісіміне қол қойылды.
2006 жылдың шілде айында Malaysia Airlines компаниясы
Куала-Лумпур-Шанхай-Амстердам бағыты бойынша Боинг 747-200 әуе
кемесімен аптасына 4 рет орындалатын рейстерін ашты.
2007 жылдың маусымынан бастап бизнес терминал іске қосылды.
Сәулеттік және тарихи мәні зор және қала сәулетінің бірегей
ескерткіші болып саналатын ғимарат жаңадан қалпына келтірілді.
Ғимараттың дизайн жұмыстарына итальяндық сәулетші жетекшілік жасады.
Ол интерьердің стильдік сәйкестігі мен реңдік үйлесімінің дұрыс
шешімін табу арқылы қайталанбас жайлы атмосфера құра білді. Бизнес
терминалда чартелік рейс жолаушыларына қызмет көрсетіледі.
Терминалдың залдарында жолаушыларға өздерінің іскерлік шаруаларын
жүзеге асыруға қажетті қызмет түрлері де ұсынылады: келіссөздер
жүргізу, пресс-конференциялар өткізу. Жолаушыларға Duty Free
дүкені, ассортименті бай шағын бар қызмет көрсетеді. Жайлы
интерьер, жоғары деңгейлі техникалық жабдықтар.
Қазіргі уақытта Алматы әуежайында коммерциялық құқыққа ие Turkish
Airlines, MNG Airlines, MY Cargo, MK Airlines секілді
авиакомпаниялар өздерінің жүк тасымалдау рейстерін орындауда.
Жүргізілген келіссөздердің арқасында 2007 жылы Алматы әуежайына
әлемге әйгілі американдық UPS компаниясының ұшақтары жүйелі түрде
ұша бастады. Сондай-ақ, қытайдың Yangtze River Express
авиакомпаниясы өзінің ұшу бағдарламасын бастауға ниет білдіріп отыр.
|
|
Алматы
әуежайында 2002 жылдың желтоқсанынан бастап жасанды сейілту әдісі
бойынша сұйық азотпен суытылған тұманды сейілтуге арналған
практикалық жұмыстар қолға алынған.
Бұл
әдістің ерекшелігі - ауа температурасын барынша төмендету арқылы
тұмандағы ылғалды кристаллды күйге айналдыру. Ауа температурасын
төмендету шаралары жерге қойылған мұз бөліктерін ыдыратқыш
генератордан сұйық азот шашырату арқылы қамтамасыз етіледі. |
|